Screenshot 1Screenshot 2Screenshot 3Screenshot 4

Бүгін, 18 сәуір күні, Астана қаласында №3 Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында мектеп оқушылары арасында «Жасыл Әлем» ертегілер сайысы өткізілді. Конкурс ұйымдастырушылары - «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының Республикалық штабы және «Жас Ұлан» Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Сайыстың мақсаты – мектеп жасындағы жастардың экологиялық мәдениеті қалыптастыру және дамыту.

Конкурс 2 кезеңнен тұрды: бірінші кезең – өтінімдер мен жұмыстарды қабылдау (экологияға байланысты аңыздар, ертегі, әңгімелер және т.б. шығармалар); екінші кезең – ертегілерді мәнерлеп оқу, сахналау. Сайыс барысында барлығы 78 өтінім қабылданды; 15 жұмыс 2-турға іріктелініп алынды.

Қазылар алқасының қатарына «Жасыл ел» РШ жетекшісіні орынбасары Әсем Мадекешова, Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева және «Жас Ұлан» ББЖҰ төрағасының орынбасары Бекарыстан Аманжолов кірді.

Көрермендердің дауыс беруі мен қазылар алқасының бағалауы нәтижесінде №2 мектеп-гимназиясы оқушысы Хасен Малика (5-7 сынып оқушылары категориясында), №76 мектеп-лицей оқушысы Қайсарова Бибінұр (8-9 сыныптар) және Бекмұхамбет Жанболат - №72 мектеп-лицейінің оқушысы (10-11 сыныптар категориясы) сайыстың жеңімпаздары атанды.

«Біздің қаламыздың экологиясы мені өте алаңдатады, өйткені бұл да біздің үйіміз ғой. Қоршаған орта біздің өмірімізге өз әсерін тигізеді. Сондықтан мен әрқашан әр түрлі конкурстар мен сенбіліктерге белсене қатысамын. Бұл конкурс туралы естігенде де қуандым. Ертегі құрастыру қызықты болды және осындай мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға рахмет айтқым келеді. Адамдар қала жағдайының біз үшін қаншалықты маңызды екенін күнделікті ойлай бермейді ғой, бірақ біз бүгін саралап, көп мәселелерге көңіл бөлдік», - дейді жеңімпаз Малика Хасен.

Сайыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Үздік конкурстық жұмыстар www.zhasulan.kz сайтында және ұйымдастырушылардың ресми парақшаларында жарияланады.

 

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00