rsz 1dsc 0549

Жұмыс уақыты аяқталуға жақын. Әдетте бұл уақытта кез келген ұйымның ішкі тіршілігі саябырсып, жұмыс атмосферасы бірқалыпты болуы керекті. Алайда айналаға көз жүгіртсеңіз, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығында апыр-топыр тіршілік үдемесе, бәсеңдер емес.

Орталық өткізетін іс-шаралардың ішінде «Жас журналистер клубының» отырыстары ерекше орын алады. Әрбір семинарда қоғамның өзекті тақырыптары қарастырылып, еліміздің атақты сөз шеберлері, журналистер, белгілі қоғам қайраткерлері дәріскер ретінде тренингті жүргізеді.

Кезекті семинардың спикері белгілі қоғам қайраткері – Саясат Нұрбек. Кездесуге жас журналистермен қатар, Орталық қызметкерлері, студенттер, мемлекеттік орган өкілдері де келіп отыр. Барлығының бойыннан  табиғи қызығушылықтың, кеудесінен білімге деген талпыныстың лебі еседі.

Жетілер шамасы. Зал лық толы, есіктің сыртында үдей бастаған атмосфераны сезіп, жастардың көздері қоңырқай есікке қадалды. Бейне бір таңғажайып құбылысты тосып отырған адамдар секілді.

Сол кезде қоңырқай есік ашылып, сенімді қадаммен көптен күткен спикер Саясат Нұрбек те келді. Барлық спикерлер секілді аудиторияға жағымды әсер қалдыруға тырысқан Саясат Нұрбек баяндамасын шаблонды сөздермен емес, қарапайым өмірлік мысалдармен бастады.

Жастарға саяси реформалар, жасанды интелект, технологиялар, ми қызметінің ерекшеліктері жайлы ақпарат берумен қатар, жас журналистерге қажетті ақыл-кеңесімен де бөлісті.

Спикер батыстық және отандық журналистикаға салыстырмалы талдау жүргізе отырып, елдегі журналистиканың дамуына серпін беретін бірнеше факторларды атап өтті.

«Батыс журналистикасы мен отандық журналистиканың бірқатар айырмашылықтары бар. Біріншіден, бізде журналист барлық сала жайлы жазады. Мәселен, New York times-та жұмыс істейтін журналист өзі жақсы меңгерген бір салада колонкасын жүргізеді»,- деді спикер.

Ойын әрі қарай өрбіте отырып, Саясат Нұрбек журналистерге қажетті ақыл-кеңестермен бөлісті.

«Бірінші кезекте, белгілі бір салада маманданып, тек сол бағытта мақалалар жазу өте маңызды. Өздеріңіздің редакторларыңыз бен жетекшілеріңізді осы қағидамен жұмыс жасауға ақырындап үйретіңіз. Белгілі бір салада жақсы маман болу үшін көп кітап оқу, сарапшылармен кездесіп көкейіңіздегі сұрақтарды қысылмастан қою қажет.

Екіншіден, стилистикаға баса назар аударыңыз. Мысалы, қазір жаңа журналистер – блогерлер пайда болды. Байқасаңыз, әрбір блогердің өзінің қолтаңбасы, стилі бар.  Өзіңіздің қайталанбас стиліңізді қалыптастыруға тырысыңыз.

Үшіншіден, ұсақ нәрселерге мән беріңіз. Қызық, тартымды мақалалар немесе жанды баурайтын оқиғалар сөз саптау дұрыс, теңеулер толық, ұсақ нәрселер жан-жақты сипатталғанда ғана дүниеге келеді.

Төртіншіден, журналист тек «хайп» толқынында  болмауы тиіс. Шулы оқиғаларды жазуға барлығы құмар. Мүмкін атақ шығару үшін қолайлы шығар, бірақ «хайп серфингімен» айналысатын адамның журналистикадағы ғұмыры шолақ. Хайп көзге бірден түседі, есесіне оқиға да тез ұмытылады. Сондықтан, шулы мәтіннен гөрі өмірлік оқиғаларды жазу қоғамға көбірек пайдасын тигізеді.

Журналистикадағы ең басты нәрсе – шынайылық. Әрбір адам шынайы жазылған мәтін мен өтірік аралас қоспамен жазылған мәтінді айыра алады. Сол себепті, өзіңіз сенбейтін оқиғалар жайлы жазбаңыз. Сонда ғана сіз өз оқырманыңызды табасыз.

Қандай жағдай болмасын, бір-бірлеріңізді қолдаңыздар. «Журналистік этиканы» сақтау аса маңызды», -деп Саясат Нұрбек өз сөзін аяқтады.

Аудиторияда бейне бір өзгеріс пайда болған секілді. Жастардың жанары одан сайын жана түсіп, көкірегінде жарқын болашаққа деген үміт оянғаны анық.

Автор: Әсел Ибадуллаева

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00