zannama

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынғаны белгілі.

Министрлік құрылғалы бері нормативтік-құқықтық актілерге қатысты бірқатар жаңашылдықтар орын алды. 2017 жылдың тамыз айынан бастап қолданыстағы кодекстер мен заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу мәселесі қоғамдық талқылауға ұсынылып, сарапшылармен кездесулер өткізіліп, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді.

Қарастырылып отырған заңнама жобасы бойынша 12 заңнама актілеріне 53 толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

Заңнамада «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» ұғымдарына анықтама беріліп, деструктивті діни ағым қызметіне тыйым салу, дінге қатынасына қарамастан барлық азаматтардың құқықтарын қорғау, шет елде діни білім алуға шектеу салу, діни бірлестіктердің қаржылай қамтамасыз етілуінің тазалығын сақтау, халықты діни сауаттандыру, кәмелетке толмаған балаларға инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдану секілді маңызды нормалар шетелдік тәжірибеге сүйене отырып ұсынылды.

Құжатта діни бірлестіктердің құқықтары айшықталып, діни ғибадат орнының ішкі тәртіптерін сақтау мәселесі құқықтық тұрғыдан реттелген. Мәселен, заңнамада «заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты дінге көзқарасы себептері бойынша жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын бұзу немесе дінге сенушілердің және (немесе) дінге сенбеушілердің сезімдері мен қадір-қасиеттерін немесе құдайға құлшылық етуді, діни жоралар мен рәсімдерді  орындауды қорлау; қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылғылар мен орындарды бүлдіру; діни радикализмнің  көріністеріне жол беру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса – жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға – бір жүз, заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».

Сонымен қатар, заңнамада деструктивті идеологиялық ағымның белгілеріне, қызметіне, қоғамдағы қандай да бір көріністеріне тыйым салу мәселесі басты назарға алынып отыр. Елбасы соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат екендігін үнемі айтып отырады. Бұл ретте бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге, вакцинацияға, дінтанулық сараптамадан өтпеген материалдарды таратуға, деструктивті идеологияны насихаттауға қатысты заңнама талаптарын бұзу тиісті жауапкершілікті жүктейді.

Бүгінде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мемлекет пен дін арасындағы қатынастың жаңа моделін қалыптастыру бағытта аянбай еңбек етіп келеді. Бұл ретте ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуді бір жүйеге келтіру аса маңызды.

Министрліктің кеңейтілген Алқа мәжілісінің отырысында министр Нұрлан Ермекбаев ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын дамыту үшін арнайы Жол картасын әзірлеп, дәріс берушілерді қайта даярлауды жүзеге асыратын дайындау орталығын құруды ұсынды.

Қазіргі таңда дін саласындағы мәселелелерді түсіндіру бойынша 249 өңірлік және 1 республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді. Бір жылда 3000 дәріскер оқыту курстарын өтіп, өз біліктілігін арттырған. Жасалып отырған жұмыстар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын жоғарылататыны айтпаса да белгілі.

Дін саласы мемлекет тарапынан реттеу мен бақылауды қажет етеді. Бұл бірінші кезекте құқықтық нормалармен, соның ішінде дін саласындағы заңмен, екіншіден халықтың діни сауаттылығын көтеру, үшіншіден, сапалы дінтанушы, теолог кадрларды даялау арқылы іске асуы тиіс.

Автор: Әсел Ибадуллаева 

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00