2018022118052643969 3214

21 ақпанда Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің алқа отырысы өтті. Алқа мәжілісі «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  «Төртінші индустриалды революция жағдайындағы дамудың  жаңа мүмкіндіктері» атты  Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарын есепке ала отырып, 2018 жылға арналған міндеттерді талқылау және  Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2017 жылы атқарған жұмысының қортындысы» тақырыбына арналды.

Мәжіліске орталық және мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, министрлік жанындағы мекемелер мен діни бірлестіктердің өкілдері, жастар ұйымдары мүшелері, сондай-ақ «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері де қатысты.

Н.Ермекбаев жастар саясаты бағыты мемлекет үшін әрдайым басымдылықта болатынын атап өтті. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысы жанданды, Мемлекеттік жастар саясатының 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жоспарына толықтырулар енгізілді, Үкімет қаулысымен «Дарын» сыйлығын ұсынудың жаңа ережелері бекітілді.

Министр өңірлік деңгейде жастардың бос уақытты тиімді өткізуге арналған инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше назар аударды: «2017 жылы алғаш рет Үкімет жанында жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған инфрақұрылымдарды аймақтар ішінде дамыту мәселесі қаралды. Премьер-министрдің тапсырмасымен әкімшіліктер жастардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру жөнінде  2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Республика аймақтарының бірқатары инфрақұрылымдарды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Коворкинг орталықтар, спорт сарайлары, аула клубтары өз жұмысын жүргізіп жатыр».

Сонымен қатар, Н.Ермекбаев «Жастар» ҒЗО қызметі мен басты бағыттарына тоқталып өтті. Оның пікірінше, Орталықтың Министрлік қарамағына өтуі ведомствоның талдау жасау мүмкіндіктерін күшейтті.

«Орталық жастардың даму үрдістерін анықтап, түйткілді мәселелерді шешудің жаңа әрі тиімді жолдарын ұсынады. Одан бөлек орталық әдістемелік бағытта да қызмет етеді, жастармен жұмыс жасайтын кадрларды даярлау мектебін ұйымдастырады. «Жастар» ҒЗО-ның зерттеулері ЮНИСЕФ тарапынан жоғары бағаланды», - деді Министр.

Сөз соңында Н.Ермекбаев 2018 жылға арналған міндеттерді атап көрсетті.

«Біріншіден, бізге кезекті жастар форумын өткізу қажет.

Министрліктің екінші міндеті – белсенді жастарды қолдаудың жаңа тетіктерін анықтау. Жас адамдардың мамандық таңдауына көмектесетін бастамалар қажет. Өткен жылы пилоттық режимде «Түлектер тақтасы» ерте кәсіби бағдар беру жобасы іске қосылды. Жоба республиканың 2600 жуық мектебі мен жүздеген ЖОО, колледждерін қамтиды. Оны ұлттық деңгейде іске асыру керек.

Үшіншіден, ақпараттық жұмыс сапасына баса назар аударуы тиіс. Сауалнама нәтижелері жастардың мемлекеттік жобалар мен бағдарламалардан аз хабардар екендігін көрсетті. Тіпті «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Нұрлы жер» секілді ұлттық жобалар жастардың шектеулі топтарына ғана әйгілі. Ақпараттық жұмысты бір ізге салуымыз қажет», - деп ведомство басшысы өз сөзін қорытындылады.

Автор: Әсел Ибадуллаева

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00