2018 жылғы 30-31 қаңтар күндері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің VII Жастар Форумына қатысты. 

Делегация құрамында «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Д.Сүндетбаев, Қазақстан жастар Конгресінің атқарушы директоры А. Сәбитов, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Т. Қалиев және басқа да өкілдер болды.   

01 702x468

       Жастар форумы жастардың өзекті  мәселелер бойынша жаһандық саясатты дамытуға қатысты пікіралмасуға қатысуына мүмкіндік береді.

         Форум барысында вице-министр Абзал Нүкенов «Жастардың қалалық және ауылдық жерлердегі тұрақты қауымдастықтарды құрудағы рөлі» тақырыбындағы пленарлық отырыста сөз сөйлеп,  Қазақстан Республикасындағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.

         Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі күні ел Үкіметі жастар инфрақұрылымын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Үкімет қолға алып отырған шаралар екі бағыт бойынша жүзеге асады: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес мен әкімдіктер жанындағы кеңестер арқылы жастарды алаңдатқан мәселелерді талқылау, сондай-ақ жастарды әлеуметтендіру бойынша жастар ресурстық орталықтары мен әлеуметтік қызметтерді құру арқылы оларға қолдау көрсету.

            «Біз үшін жастардың өзін-өзі басқару институттары ерекше маңызға ие. Біздің пікірімізше осы азаматтық институттар, жастардың мүдделерін алға жылжытудың негізгі серпіні болып табылады. Бүгін біз жастардың өзін-өзі басқару комитеттерін дамытуды ынталандыруға бағытталған бірқатар шараларды қолға алдық. Көптеген мәселелердің табысты шешілуіне тікелей жастардың ықпалы, олардың бастамалары мен қызметі, өзін-өзі басқаруға қабілеттілігі ықпалын тигізеді.  Осыған орай, Қазақстан Үкіметі бүгінгі таңда жастар белсенділігін арттыру бағытында белсенді жұмыс жасауды», - деп атап өтті Абзал Нүкенов.

Бүгінгі жаһандану тығыз қарым-қатынас пен бірлескен шешімдерді қажет етеді. Осыған байланысты елімізден барған делегация өкілдері форум жұмысы барысында 2020 жылы Қазақстанда жастарды дамытудың Жаһандық конференциясын өткізуді және жастардың өзекті мәселелерін талқылау үшін арнайы онлайн-алаңдарды  құруды ұсынды.

02 702x468

Форум аясында БҰҰ және өзге де  елдердің өкілдері, соның ішінде Экономикалық және Әлеуметтік Кеңестің төрағасы Мари Хатардов пен БҰҰ Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі орынбасары Джаятма Викраманаякемен бірқатар кездесулер өткізілді.

Форум жұмысына әлемнің көптеген елдерінің 700-ден астам өкілдері, оның ішінде жастар саясаты министрлері, министрлердің орынбасарлары, БҰҰ-ға мүше елдердің түрлі мекемелерінің басшылары және жастар ұйымдарының басшылары қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, Экономикалық және Әлеуметтік Кеңес экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдағы тұрақты дамудың үш аспектісін қамтиды және Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде маңызды әрі жетекші орынға ие. Инновациялық ойлауды талқылауға және одан әрі жетілдіруге, халықаралық деңгейде келісілген мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге ықпал ететін жетекші платформа болып табылады.

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00