nazarbayev

Елбасының әр Жолдауы еліміздің экономикалық, саяси, әлеуметтік дамуына серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталатыны баршаға мәлім. 2018 жылдың 10 қаңтарында баспасөз басылымдарына жарияланған кезекті Жолдау төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстан дамуының жаңа мүмкіндіктеріне арналып отыр.

Жолдаудың негізгі идеясы – еліміздің жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделуі мен жетістікке жету жолын табу.

Президенттің айтуынша, жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшін Қазақстанда барлық жағдайлар жасалған. Мемлекетіміздің алдында жаһандану заманында іске асырған Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында төмендегі негізгі 10 міндетті шешу аса маңызды:

  1.  Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.

Сол ретте индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың мүмкіндіктерін пайдаланып, мемлекет инновациялық жолмен ілгерілеуі қажет.

Мемлекеттегі кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды пайдаланып, ағымдағы жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге білек сыбана кірісу керек.

  1. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.

Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық. 

Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды.

Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.

Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді.

  1. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет.

Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді.

  1. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.

Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады.

Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.

Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді.

Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет.

  1. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.

Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты.

Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады.

Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек.

Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек.

  1. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс.

Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын.

Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.

Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс.

Инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады.

Бұл – жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі міндеттерінің бірі.

Ол халықаралық озық тәжірибені пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңірлік хабқа айналуға тиіс.

  1.  Адами капитал – жаңғыру негізі.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.

Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет.

Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек.

Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде.

Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.

2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.

Орыс тілін білу маңызды болып қала береді.

2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады.

Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс.

Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерімізді видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет.

Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.

«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет.

Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек.

Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.

Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.

Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясатын жүргізуіміз керек.

Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.

  1. Тиімді мемлекеттік басқару.

Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет.

Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек.

«Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек.

Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды.

Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс.

Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді.

Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгізе отырып, өз ақпараттық жүйелері мен құрылғыларының берік қорғалуын қамтамасыз етуі керек. 

Бүгінде киберқауіпсіздік ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндірістік және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетігін қорғау дегенді де білдіреді.

Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс.

  1. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.

Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.

Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс.

Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. 

Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды.  

Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет. 

Қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек.

  1. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.

2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз.

Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады.

«Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет.

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.

Мекен-жайы
Астана қаласы,
Тәуелсіздік даңғылы, 41
e-mail
телефон
8 (7172) 27 81 59
жұмыс уақыты
дү-жұ: 09:00-18:00